Жамбыл облысында құтқарушылар терең шұңқырға құлап кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға Жамбыл ауданындағы Айша бибі ауылында болған. Әйелге көмек қажеттігі туралы ақпарат облыстық ТЖД кезекші бөліміне түсті.
«Оқиға орнына шұғыл жеткен Жедел-құтқару жасағының мамандары альпинистік құралдарды пайдаланып, тереңдігі төрт метрден асатын шұңқырға түсті. Олар зардап шеккен әйелді абайлап зембілге салып, жоғары көтеріп, жедел жәрдемге тапсырды», — деп жазылған хабарламада.
Құтқарушылардың жедел және үйлесімді әрекетінің арқасында әйел аман қалды.
Еске сала кетейік, Балқаш қаласында 1970 жылы туған ер адам абайсызда тереңдігі 4 метр ашық құдыққа құлап түскен болатын.

