STEPPENEWS.KZ: Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға қойылатын жеткіліктілік шегі сәуір айынан бастап ұлғайтылуы мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, соңғы бес жылда қазақстандықтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) шамамен 5 трлн теңге алған. Оның ішінде 1 трлн теңгеге жуығы 20–35 жас аралығындағы азаматтарға тиесілі.
Министрліктің пікірінше, азаматтардың болашақ зейнетақы жинағын арттыру үшін жеткіліктілік шегін көтеру қажет. Қазіргі таңда көпшілік бұл қаражатты несие жабуға немесе емделуге жұмсап, ұзақ мерзімді жоспарға жеткілікті көңіл бөлмейді.
Сонымен қатар, шамамен 2,9 млн жұмыс істейтін азамат мүлде зейнетақы жарналарын аудармайды. Соның салдарынан олар болашақта тек 35 мыңнан 80 мың теңгеге дейінгі базалық зейнетақыға ғана үміт арта алады. Министрдің айтуынша, мұндай қаражатпен өмір сүру қиын.
Жеткіліктілік шегін арттыру туралы шешім жақын арада қабылданады. Құжат бекітілгеннен кейін шамамен 10 күн ішінде күшіне енеді.

