STEPPENEWS.KZ: Батыс Қазақстан облысында әйел «инвестициялық жобаға» ақша саламын деп алаяқтардың құрбаны болды. ІІМ мәліметінше, күдікті алдымен жәбірленушінің сеніміне кіріп, кейін табысты компанияға ақша салуды ұсынған.
- Ол үшін WhatsApp мессенджерінде биржалық саудаға арналған топ ашқан.
- Топта инвестиция салу мүмкіндігі туралы ақпарат жарияланып, жоғары табыс уәде етілген.
- Әйелге салған қаржысы шамамен 50 пайыз пайдамен қайтарылады деп айтылған.
Осы уәдеге сенген әйел ақша аударған. Келтірілген жалпы шығын көлемі 1 472 000 теңгені құрады.
Полицияның хабарлауынша, қазіргі уақытта алаяқтықтың екі дерегі анықталған. Күдікті кінәсін мойындап, қажетті дәлелдер жиналған. Алайда ұрланған қаражат әзірге қайтарылмаған.
Сондай-ақ оның әрекетінен басқа адамдар да зардап шегуі мүмкін екені жоққа шығарылмайды. Қазір полиция қосымша тексеру жүргізіп жатыр.
Құқық қорғау органдары азаматтарды сақ болуға шақырады. Әсіресе мессенджерлерде ұсынылатын тез табыс пен жоғары пайда туралы уәделерге сенбеуге кеңес береді. Ақша аудармас бұрын компания туралы ақпаратты мұқият тексеру қажет.

