STEPPENEWS.KZ: Вьетнамда жоғалып кеткен қазақстандық Асем Аубакир табылды. Бұл туралы оның әпкесі әлеуметтік желіде хабарлады.
Оның айтуынша, қазір Асем Қазақстанның елшілігінің жанында. Туыстары қызбен бейнеқоңырау арқылы сөйлесіп үлгерген, алайда оның жағдайы туралы толық мәлімет әзірге жарияланған жоқ.
Әпкесі жақын арада Вьетнамға ұшып бару үшін шұғыл түрде ұшақ билеттерін іздеп жатқанын да айтты.
Еске салайық, 26 жастағы Асем Аубакир 6 наурыз күні Хошимин қаласында жоғалып кеткен. Ол Оңтүстік-Шығыс Азия елдері бойынша саяхаттап жүрген және хостелде тұрған. Сол күні қыз Ханой қаласына ұшып барып, Қазақстан консулымен кездесуді жоспарлаған. Алайда әуежайдан шамамен 20 шақырым жерде байланысқа шықпай қалған.
Туыстарының айтуынша, жоғалар алдында қыз қатты қорқып жүргенін айтып, біреулердің өзін аңдып жүргенін күдіктенген.

