STEPPENEWS.KZ: Венесуэладағы саяси және экономикалық өзгерістер әлемдік мұнай нарығына тікелей әсер ететін факторға айналып отыр. Бұл жағдайды Qazaq Expert Club-тың тең құрылтайшысы, экономист Бауржан Шурманов талдап берді.
Оның пікірінше, Венесуэла төңірегіндегі жағдайды кезекті геосаяси дағдарыс ретінде ғана қарастыру жеткіліксіз. Егер АҚШ елдің мұнай секторын бақылауға алса, бұл жаһандық нарықтағы күштер балансын түбегейлі өзгертуі мүмкін.
Венесуэла әлемдегі ең ірі дәлелденген мұнай қорына ие — шамамен 303 млрд баррель. Соңғы жылдары өндіріс көлемі тәулігіне 0,8 млн баррельге дейін төмендеп, ел іс жүзінде нарықтан шығып қалған еді. Инвестициялар қайта оралса, бұл көлем орта және ұзақ мерзімде нарыққа қайта әсер етеді.
Қысқа мерзімде геосаяси тәуекелдер бағаны ұстап тұруы мүмкін. Алайда орта мерзімде нарық болашақтағы ұсыныстың артуын алдын ала ескеріп, бағаның өсуін тежейді. Ал ұзақ мерзімде Венесуэла тәулігіне 2,5–3,5 млн баррель өндіру деңгейіне жетуі ықтимал.
Қазақстан үшін негізгі қауіп — баға емес, экспорттық маңыздылықтың төмендеуі. Қазір қазақстандық мұнайдың 80 пайыздан астамы Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданады. Әлемде ұсыныс артық болған жағдайда, бұл бағыттағы кез келген іркіліс жаһандық проблема емес, жергілікті тәуекел ретінде қабылдануы мүмкін.
Экономистің айтуынша, алдағы жылдары мұнай нарығында кім бағаны емес, инфрақұрылым мен логистиканы бақылайды – сол ұтады. Қазақстан үшін басты міндет – экспорттық бағыттардың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін сақтау.

