STEPPENEWS.KZ: АҚШ президенті Дональд Трамп елдің 66 халықаралық ұйымнан шығуын көздейтін меморандумға қол қойды. Олардың қатарында Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылымдары да бар. Ақ үй әкімшілігінің бағалауынша, аталған ұйымдардағы мүшелік АҚШ-тың ұлттық мүдделеріне қайшы келеді.
Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз қызметі X әлеуметтік желісінде хабарлады. Мәліметке сәйкес, шешім БҰҰ жүйесіне кіретін 31 құрылымға және БҰҰ-ға қатысы жоқ 35 халықаралық ұйымға қатысты қабылданған.
Меморандумда атап өтілгендей, аталған халықаралық ұйымдардан шығу арқылы АҚШ бюджетінің қаражатын үнемдеу көзделіп отыр. Ақ үйдің пікірінше, бұл құрылымдардың бір бөлігі жаһандық сипаттағы бастамаларды алға тартып, АҚШ-тың ұлттық басымдықтарына зиян келтіреді немесе өздеріне жүктелген міндеттерді орындауда тиімсіздік танытады. Осы себепті федералды қаржыны неғұрлым тиімді салаларға бағыттау қажет деп есептеледі.
Сондай-ақ меморандумда кейбір халықаралық ұйымдардың АҚШ жүргізіп отырған саясатты ашық сынайтыны, америкалық құндылықтарға сәйкес келмейтін бағдарламаларды насихаттайтыны айтылған. Бұған қоса, қомақты бюджетке ие бола тұра, бірқатар ұйымдар маңызды мәселелерді шешуде елеулі табысқа жете алмаған.
Ақ үй әкімшілігінің бағалауынша, мұндай ұйымдарға қаржы бөлу мен мүшелік АҚШ үшін тиімсіз. Себебі олардың қызметі ел мүддесіне сай келмей, керісінше ұлттық ұстанымдарға қайшы бағытта жүргізіліп келеді.

