STEPPENEWS.KZ: Ұшақ ұшып көтерілгенде немесе қонған кезде пауэрбанк арқылы смартфон зарядтауға ресми түрде тыйым салынды.
International Air Transport Association жаңа ережелер енгізіп, пауэрбанк алып жүру мен пайдалануға қатысты талаптарды күшейтті. Енді сыртқы аккумуляторларды тек қол жүгінің ішінде алып жүруге рұқсат етіледі, ал оларды ұшақ ішінде пайдалану бірқатар шектеуге бағынады.
Жаңа талаптарға сәйкес, жолаушыларға пауэрбанкті ұшақтағы розетка арқылы зарядтауға болмайды. Сондай-ақ ұшақ ұшу жолағына шығып келе жатқанда, әуеге көтерілгенде немесе қонуға дайындалып жатқан сәтте пауэрбанкке кез келген гаджетті қосып, зарядтауға тыйым салынады.
Бұл шектеулер литий-ионды батареялардың өрт шығу қаупіне байланысты енгізілген. Мұндай аккумуляторлар қызып кетсе немесе зақымданса, тұтану қаупі бар.
Әдетте ұшақ салонына қуаты 100 Вт/сағатқа дейінгі құрылғыларды еркін алып кіруге болады. Егер аккумулятордың сыйымдылығы 100-ден 160 Вт/сағатқа дейін болса, онда оны алып жүру үшін әуе компаниясынан алдын ала рұқсат алу қажет.

