Қытайдың Air China әуекомпаниясының ұшағы, Ханчжоудан Инчхонға бағыт алған кезде, Шанхай әуежайына шұғыл қонды.
Төтенше жағдай жолаушының қол жүгіндегі литий батареясының өздігінен тұтануы салдарынан болды. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті.
«Экипаж белгіленген тәртіп бойынша дереу шара қабылдады, ешкім зардап шеккен жоқ. Ұшу қауіпсіздігі үшін ұшақ Шанхайдың Пудун әуежайына шұғыл қонды», — делінген компанияның әлеуметтік желіде жарияланған мәлімдемесінде.
Компания рейсті жалғастыру үшін басқа ұшақ жіберілгенін атап өтті.
Еске сала кетсек, бұған дейін Үндістанға қонған ұшақтың құйрық бөлігі өртенген еді. Өрт ұшаққа электр қуатын беретін жүйеден шыққан. Бұл оқиға жолаушылар түсе бастаған кезде орын алды.