Танымал пародист Олжас Сыдықбек «Хабар» телеарнасындағы «КЕШREC» бағдарламасында әнші Ұлықпан Жолдасовты қатты ашуландырып алғанын айтты.
«Ұлықпан ағамның қатты жынданған кезі болды. Әзілдейміз деп, ол кісіні екі күн уайымға салып қойыппыз. Ұлықпан ағаны алдайықшы деп, телефон шалдырған Мейрамбек болатын. Бір жерде отырып Ұлықпан ағаны шақырдық. Маған басқа біреудің атынан қоңырау шалдырып, «салықтан жалтарғаныңыз үшін ескерту келіп жатыр» деп айт деді. Ол кісі «Димашты күтіп алуға Астанаға кетіп бара жатырмын. Келгеннен соң міндетті түрде барамын» деп жауап қайтарды. Ол жақта сотқа кетіп бара жатырмын ба деп уайыммен жүрген ғой. Үлкен кісілерге айтқан, үйдегі жеңгейге айтқан. Екі күннен кейін Мәкеңдер күтіп алады да, бәрін айтып қояды. Дереу маған қоңырау шалып, «мұның не, мен екі күн ұйықтаған жоқпын!» деп ашуланды», — деп еске алды пародист.
Желі қолданушыларына пародистің қалжыңы жақпай қалды.
«Ұлықпаннан басқа адам таппадыңдар ма?! Жуас кісі болған соң ба? Басқа да әнші-бишілер бар емес пе?», «Біреуді уайымдатқанша, өнеріңді орынды қолданбайсың ба?!», — деп жазып жатыр олар.
Еске сала кетейік, бұған дейін актриса Айгүл Иманбаева Instagram парақшасында әнші Ұлықпан Жолдасовтың ешқашан қартаймайтынын айтып қалжыңдаған болатын.
«Бұл жалғанда қартаймайтын бір адам бар. Ол – Ұлықпан Жолдасов. Не шашы түспейді, не әжім түспейді. Не бойы қысқармайды, не өспейді. Тек қана терлейді», — деді актриса әріптесін нұсқап.
Ұлықпан Жолдасов мұндай «қошеметті» күтпесе керек, дереу камераға қолын созып: «берші, телефонды, еййй, қасқа-аййй», — деп әріптестерін күлдірді.