STEPPENEWS.KZ: Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінің құрылғанына 65 жыл толуына орай салтанатты мерекелік кеш ұйымдастырылды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков қатысып, жеке құрам мен ардагерлерді мерейтоймен құттықтады. Салтанатты кеш барысында Бас қолбасшы құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар әскери қызметшіні марапаттады.
Аңсаған Балтабеков өз сөзінде 6636 әскери бөлімінің қалыптасу тарихына тоқталып, оның ел тыныштығын қамтамасыз етудегі үлесін ерекше атап өтті. Сонымен қатар бөлімнің іргесін қалаған ардагерлердің еңбегіне алғыс білдіріп, қазіргі жеке құрамның кәсібилігі мен жауынгерлік дайындығына жоғары баға берді.
– Әскери бөлім осы жылдар ішінде көптеген өзгерістерді бастан өткеріп, дамудың жаңа кезеңдерінен өтті. Жеке құрамға жүктелген міндеттер абыроймен орындалып келеді. Бұл – қызметке және әскери антқа адалдықтың айқын көрінісі, – деді Бас қолбасшы.
Тарихи деректерге сәйкес, 6636 әскери бөлімі 1961 жылғы 20 қаңтарда Қазақ КСР Ішкі істер министрінің бұйрығымен құрылған. 1998 жылы бөлімге жауынгерлік ар-намыс пен ерліктің символы саналатын Жауынгерлік Ту табысталды. Ал 2019 жылы әскери бөлім Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының қызметін қамтамасыз ету полкі болып қайта құрылды.
Айта кетейік, іс-шара мерейтойға арналған концерттік бағдарламамен жалғасты. Әскери қызметшілер мен өнерпаздар патриоттық әндер мен би қойылымдарын ұсынып, көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.

