STEPPENEWS.KZ: Семей қаласында Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері көшеде кенеттен жағдайы күрт нашарлаған ер адамға дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ауыр салдардың алдын алды. Оқиға 2 сәуір күні сағат 18:05 шамасында, 5511 әскери бөлімінің әскери жасағы Глинки көшесі бойымен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша патрульдеу жүргізіп жатқан кезде орын алған.
Әскери қызметшілер №26 үй маңынан өтіп бара жатып, жерде қансырап жатқан ер адамды байқайды. Жәбірленушінің қасында болған туысының айтуынша, ер адамға бір жыл бұрын ота жасалған болатын. Кенеттен сол отадан кейін пайда болған тромбтар үзіліп, соның салдарынан қатты қан кеткен. Зардап шегушінің жағдайы өте ауыр болған.
Әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Илья Исаков жағдайды дереу бағалап, алғашқы медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырды. Сарбаздар бірден жедел жәрдем шақыртып, дәрігерлер келгенге дейін ер адамның жағдайын бақылауда ұстады. Олар қанды тоқтату және науқастың күйін тұрақтандыру үшін қажетті барлық шараларды қабылдады.
Ұландықтардың жедел, батыл әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында зардап шегушінің жағдайы нашарламай, оңала бастады. Уақытылы көрсетілген көмектің арқасында ол аман-есен медицина мамандарының қолына тапсырылды. Бұл оқиға Ұлттық ұлан сарбаздарының тек қоғамдық тәртіпті ғана емес, азаматтардың өмірі мен денсаулығын да қорғауға әрқашан дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

