Астанада Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабековтың төрағалығымен кеңейтілген кеңес өтті. Жиында биылғы 9 айдағы қызметтік-жауынгерлік іс-қимыл қорытындысы қаралып, IV тоқсанға арналған міндеттер айқындалды.
Отырысқа Ұлттық ұланның Бас қолбасшылық бас басқармалары мен орталықтарының жетекшілері, сондай-ақ өңірлік қолбасшылықтар мен әскери бөлімдердің командирлері қатысты.
Кеңесте құқықтық тәртіп әскерінің қызметіне қатысты бірқатар маңызды мәселе талқыланды. Атап айтқанда, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету және қадағалау, тәртіп пен заңдылықтың сақталуы, 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық, сондай-ақ Ұлттық ұланды дамыту перспективалары сөз болды.
Генерал-майор Аңсаған Балтабеков әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау, тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету – әрқашан басты басымдық екенін атап өтті. Оның айтуынша, жеке құрамды дәрумендермен қамту, вакцинациялау, тамақтану мен су режимін бақылау, маусымдық киім-кешек және тұрмыстық жағдайды жақсарту мәселелеріне ерекше назар аудару қажет.
«Ұлттық ұлан мемлекеттің сенімді қалқаны болып қалуы тиіс. Әрбір әскери қызметші қоғам мен заң алдындағы жауапкершілігін сезінуі керек. Тәртіп пен кәсібилік – азаматтардың құқықтық тәртіп әскеріне деген сенімінің негізі», – деді Бас қолбасшы.
Кеңес қорытындысында генерал-майор Балтабеков барлық деңгейдегі басшыларға жеке жауапкершілікті күшейтіп, жауынгерлік әзірлікті арттыруды және басқару жүйесін жетілдіру бойынша үйлесімді жұмыс жүргізуді тапсырды.