Бүгін Мәжіліс кулуарында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеменің болашақта қымбаттауы туралы сұраққа: «білмеймін» деп жауап берді. Оның айтуынша, бұл мәселе ақша-несие саясатының отырысында қаралады.
«Базалық ставканы көтересіздер ме?», — деп сұрады бүгін редакция тілшісі Ұлттық банк төрағасынан.
«Білмейміз. Бұндай шешімді тек қана факторға сүйеніп қабылдаймыз. Ақша-несие саясатының биылғы соңғы отырысы қарашаның ортасында өтеді. Жаңартылған ақпараттарды талдай келе, шешім қабылдаймыз», — деді Сүлейменов.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті биыл 10 қазанда базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 18% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдаған болатын.