STTEPPENEWS.KZ: 2 ақпан — көрнекті жазушы, әдебиеттанушы, ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің туған күні. Ол 1940 жылы дүниеге келді. Қазақ руханиятында айрықша із қалдырған алып тұлға болды. 2025 жылдың қаңтарында өмірден озды. Бірақ оның сөзі мен ойы, қалдырған мұрасы ұлт жадында мәңгі сақталады.
Мұхтар Мағауин қазақ әдебиетінде ғана емес, ұлттық тарихи сана қалыптастыруда да өлшеусіз еңбек етті. Ол көне жыраулар поэзиясын, ауыз әдебиеті үлгілерін терең зерттеп, ғылыми айналымға енгізген санаулы ғалымдардың бірі болды. Оның еңбектері арқылы талай ұмыт қалған есімдер мен мұралар қайта жаңғырды.
Жазушының көркем шығармаларындағы басты тақырып — ұлт тағдыры, тарихи жады, еркіндік пен адам болмысы. «Аласапыран», «Сары қазақ», «Шақан-Шері», «Қыпшақ аруы» сынды туындылары қазақ прозасының биік белесіне айналды. Бұл шығармаларда тарих құр дерек ретінде емес, тірі тағдыр, күрес пен қасірет арқылы суреттелді.
Мұхтар Мағауин қай жерде өмір сүрсе де, қазақтың сөзін, рухын қорғауды азаматтық борышы санады. Оның қаламы ұлттық намысты оятып, өткенге үңілдіріп қана қоймай, бүгінгі ұрпақты ойлануға мәжбүр етті.
Мұхтар Мағауиннің ғұмыры аяқталғанымен, оның еңбегі аяқталған жоқ. Ол қалдырған рухани қазына — қазақпен бірге жасайтын мәңгілік мұра.

