STEPPENEWS.KZ: Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі халықты шұғыл хабарландырудың Cell Broadcast технологиясына негізделген жүйесін кезең-кезеңімен енгізіп жатыр. Жүйе алдымен сейсмикалық қауіптілігі жоғары 11 өңірде іске қосылуда. Қазіргі таңда «Mass Alert» ақпараттық жүйесі Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында жұмыс істейді.
Жүргізілген талдау нәтижесінде кейбір қытайлық брендтегі смартфондарда (Huawei, Xiaomi және т.б.) Cell Broadcast қызметі әдепкіде өшірулі болатыны анықталды. Осы себепті мұндай құрылғылардың иелері төтенше жағдай туралы хабарламаларды алмауы мүмкін.
Сонымен қатар шұғыл ескертулерді қабылдамау қаупі мынадай жағдайларда сақталады:
-
iOS 18-ден төмен нұсқадағы iPhone құрылғыларында;
-
Қазақстанға ресми сертификатсыз әкелінген телефондарда;
-
Ұялы байланыс операторларының желісінде тіркелмеген құрылғыларда;
-
Қазақстан аумағында пайдалануға арналмаған «сұр» смартфондарда.
Мұндай құрылғыларда Cell Broadcast хабарламаларын қабылдау параметрлері шектеулі немесе мүлде жұмыс істемеуі мүмкін. Бұл төтенше жағдай кезінде маңызды ақпаратты дер кезінде алуға кедергі келтіреді.
Осыған байланысты ТЖМ азаматтарға:
-
смартфон баптауларынан шұғыл хабарландыру функциясының қосулы екенін тексеруді;
-
Қазақстанда ресми тіркелген құрылғыларды пайдалануды;
-
операциялық жүйені уақтылы жаңартуды ұсынады.
Төтенше жағдайлар министрлігі мемлекеттік органдар мен ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, халықты шұғыл хабарландыру жүйесінің сенімділігін арттыру жұмысын жалғастыруда.

