STEPPENEWS.KZ: 2025 жылы Kazakh Tourism ұлттық компаниясы туризм саласындағы кәсіпорындардан «Сапа белгісін» алу үшін 94 өтінім қабылдады. Кешенді бағалау мен дауыс беру нәтижесінде 80 ұйым бағдарлама талаптарына толық сәйкес келетінін растады.
«Сапа белгісі» бағдарламасы 2021 жылы іске қосылған және қонақжайлық мәдениетін арттыруға, туристік қызмет сапасын жақсартуға бағытталған. Бағдарлама талаптары ұлттық және халықаралық стандарттарға негізделген. Осы уақытқа дейін 290 компания өз қызметінің жоғары деңгейін дәлелдеді. Белгі екі деңгейде беріледі: «Very Nice» және «Nice».
Биыл өтінімдердің басым бөлігі Астана, Алматы қалаларынан, сондай-ақ Түркістан және Алматы облыстарынан түскен. Қатысушылар бес санат бойынша бағаланды: орналастыру орындары, қоғамдық тамақтану нысандары, туроператорлар, гидтерді оқыту және халал-туризм объектілері. «Сапа белгісі» иегерлерінің көбі қонақ үй және тамақтану саласында қызмет көрсетеді.
Іріктеу рәсімі мемлекеттік органдар мен өңірлік кәсіпкерлер палаталары өкілдерінің қатысуымен нысандарды міндетті тексеруді қамтиды.

