Алматыда әл-Фараби даңғылы бойындағы Академиялық қалашық тұрғындары үндеу жариялады. Компания басшылары аталған жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Тұрғындар үйлерінің жанындағы жаңа нысан қала құрылысы нормаларына қайшы екенін айтып, әлеуметтік желі арқылы биліктен көмек сұрады. Құрылыс компаниясы болса, бірнеше ғана адам наразылық білдіріп, олар деректерді бұрмалап, қоғамда теріс пікір қалыптастыруға тырысып жүргендерін мәлімдеді. Әкімдіктің мәліметінше, бастапқыда жергілікті тұрғындардың өтініші ескерілген.
SABA Group компаниясының басшысы Ілияс Қарбозов бастапқы нұсқадағы тоғыз қабатты ғимараттың биіктігін бес қабатқа дейін төмендетілетінін мәлімдеді.
«Біз тұрғындардың өтінішін ескердік. Ғимараттың биіктігіне, қонақүйдің бағытына өзгеріс енеді. Сонымен қатар көлік және жаяу жүргіншілер жолдары сақталады», — деді Карбозов.
Қала әкімінің орынбасары Бейбіт Шахановтың айтуынша, жоба бас жоспар мен қала құрылысы құжаттарына сай, бірақ тұрғындардың ұсыныстары тағы ескеріліп, қосымша сараптама жүргізіледі.
«Бұл жобаны жүзеге асыруға алдын ала рұқсат бар, себебі ол қаланың бас жоспары мен деталды жоспарлау құжаттарына сай келеді. Мұнда кеңселер мен қонақүй салынады, ал тұрғын үй түріндегі нүктелі құрылысқа жол берілмейді. Компанияға көрші үйлердің тұрғындарымен диалог орнатып, құрылыс параметрлерін реттеу тапсырылды», – деді Шаханов.
Қазіргі таңда компания жаңартылған жобаны мемлекеттік сараптамаға қайта ұсынбақ. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың екінші тоқсанында басталмақ.
