Алматы қаласының арнайы прокурорлары есірткінің аса ірі көлемдегі контрабандасына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтап, істі сотқа жолдады.
Тергеуге сүйенсек, жазасын пенитенциарлық мекемеде өтеп жатқан адам Америка Құрама Штаттарынан Алматыға есірткі құралы — марихуана мен каннабис сығындысы салынған сәлемдемелерді жеткізу арнасын ұйымдастырған. Қылмыстық әрекетке ұйымдастырушылар, кураторлар, қамқоршылар, дропперлер, жасырын белгілеушілер және өлшеп ораушылар тартылған.
«Жедел іс-шаралар нәтижесінде «Жетісу» кеден бекетінде салмағы 43 кг құрайтын марихуана мен каннабис сығындысы салынған 25 сәлемдеме тәркіленді. Олар іс бойынша заттай дәлелдемелер деп танылды. 20 күдікті, оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік органының 2 қызметкері және қылмыстық топтың қызметіне қамқорлық көрсеткен Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің 3 қызметкері ұсталды», — деп хабарлайды Бас прокуратура.
Іс бойынша оларға есірткі заттарын контрабандалағаны және сатқаны, сондай-ақ лауазымдық қылмыстары үшін жауаптылықты көздейтін баптар бойынша айып тағылды.
«Есірткіден түскен табысқа күдіктілер жылжымайтын мүлік, жер учаскелерін және автокөлік құралдарын сатып алған. Соттың санкциясымен 5 пәтерге, 3 құрылысқа, 10 жер учаскесіне және 44 автокөлік құралына тыйым салынды», — деп хабарлайды Бас прокуратурасы.
