STEPPENEWS.KZ: Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Ғылыми-зерттеу институты – «Ботаникалық бақта» қызғалдақтардың гүлдеу кезеңі басталды. Жылыжай кешенінде өсірілген гүлдер жүзеге асқан ғылыми жобалардың нәтижелілігін және селекциялық жұмыстың тиімділігін айқын көрсетіп отыр.

2022–2024 жылдары Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруы аясында «Қазақстанда қызғалдақтардың бастапқы генқорын қалыптастыру, эксклюзивті түрлер мен сұрыптарды көбейтудің және өсірудің инновациялық технологиясын әзірлеу әрі енгізу» атты ғылыми жоба жүзеге асырылды. Жоба нәтижесінде өндіріске бейімделген, болашағы зор қызғалдақ сұрыптарын енгізуге ғылыми негіз қаланып, алдағы селекциялық жұмыстарға қажетті бастапқы материал қоры жасақталды.

Қазіргі таңда ботаникалық бақтың жылыжайларында қызғалдақ өсіру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Биыл жеті түрлі сұрыптың 7 мың түйнегі отырғызылды.
Биылғы маусымның ерекшелігі – бұған дейін өсіру ісімен ғылыми топ айналысса, енді бұл жұмыстарды ботаникалық бақтың өндірістік мамандары атқаруда. Бұл ғылыми жетістіктердің тәжірибеде толық игеріліп, технологиялардың өндіріс үдерісіне тұрақты енгізілгенін аңғартады.

Ботаникалық бақта өсірілген қызғалдақтар көктемгі мерекелер қарсаңында университеттің ардагер ұстаздары мен серіктестеріне дәстүрлі түрде тарту етіледі. Сонымен қатар жоба нәтижелерін коммерцияландыру және өнімді нарыққа шығару мүмкіндіктері де қарастырылуда.
Университет ғалымдары қызғалдақтарды өсіру, жерсіндіру және сұрыптау бағытындағы зерттеулерін жалғастырып, отандық гүл шаруашылығының дамуына жүйелі үлес қосып келеді.

