STEPPENEWS.KZ: Түркістан қалалық орталық ауруханасына дене қызуы көтеріліп, мазасызданған 8 айлық сәби жеткізілді. Алғашында ата-анасы баланың денсаулығындағы мұндай өзгерістерді қызылша жұқпасынан көріп, қауіптенген. Алайда, дәрігерлер жүргізген тексеру жұмыстары мүлдем күтпеген жағдайды анықтады.
Диагноз: Жұқпалы ауру емес, ине болып шықты
Рентгендік зерттеу нәтижесі тәжірибелі мамандардың өзін таңғалдырды. Сәбидің құрсақ қуысында ине бары анықталды. Дәрігерлердің айтуынша, баланың дене қызуының көтерілуіне де, үздіксіз мазасыздануына да осы темір зат себеп болған.

Оқиғаның мән-жайы:
Мамандар иненің ас қорыту жолдары арқылы емес, сырттан, яғни бауыр тұсынан кіргенін алға тартуда. Ата-анасы да, дәрігерлер де сәбидің бұл затты өздігінен жұтып қоюы мүмкін емес екенін растап отыр.
Жағдайдың күрделілігіне байланысты қалалық орталық аурухана мен балалар ауруханасының білікті хирургтары жұмылдырылып, шұғыл түрде ота жасалды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, хирургиялық араласу сәтті аяқталып, қажетті емдік шаралардың барлығы толық көлемде көрсетілген.
«Қазіргі уақытта нәрестенің жағдайы тұрақты, беті бері қарап келеді. Ол мамандардың жіті бақылауында», — делінген ресми хабарламада.

