Түркістан облысында Қарағандыдан келген туристер жоғалып кетті.
ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, Төлеби ауданының таулы аймағында Қарағанды облысынан келген туристер адасып қалған. Автокөлікпен жүрген топ қайтар жолды таба алмаған. Көлікте төрт адам, оның ішінде екі бала болды.
«Оқиға орнына ТЖД жедел-құтқару жасағы шұғыл жетті. Байланыстың тұрақты болмағанына қарамастан, геолокация арқылы туристердің орналасқан жері анықталды», — деп жазылған хабарламада.
Адасқандар 1800 метр биіктікте орналасқан «Ақсу» каньоны аумағынан табылды. Оларға медициналық көмек қажет болмады.
Құтқарушылар оларды қауіпсіз автожолға дейін шығарып салды, содан кейін туристер өз көлігімен жолын жалғастырды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда үш мың метр биікке шыққан туристер тұманда адасып кеткен болатын. Олар ауа райының күрт нашарлауына байланысты шыңнан өздігінен түсе алмаған.