STEPPENEWS.KZ: Астанада Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің мемлекеттік органдары, бизнес-қоғамдастықтары мен даму институттары өкілдерінің қатысуымен Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағының III Бас Ассамблеясы өтті.
Жиында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев Қазақстанның ТМҰ елдерімен сауда-экономикалық ынтымақтастығы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын экономикалық интеграцияны тереңдету, инвестиция тарту, өнеркәсіптік кооперация мен логистикалық дәліздерді дамытуға арналған стратегиялық алаң ретінде қарастырады.
«Түркі аймағы елеулі экономикалық әлеуетке ие. Ортақ міндет – тұрақты қосылған құн тізбектерін қалыптастырып, бизнес үшін жаңа өсу нүктелерін ашу», – деді вице-министр.
2025 жылдың 10 айында Қазақстан мен ТМҰ елдері арасындағы тауар айналымы 10,4 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 10,9%-ға артты. Экспорт 17,1%-ға өсіп, 7,6 млрд АҚШ долларына жетті, импорт 2,8 млрд АҚШ долларын құрады. Нәтижесінде оң сауда сальдосы 4,8 млрд АҚШ долларын қамтамасыз етті.
Экспорттың өсімі мыс, шикі мұнай, бидай, мұнай өнімдері, күнбағыс майы, сондай-ақ металлургия мен агроөнеркәсіп өнімдерін жеткізудің артуымен байланысты. Бұл қосылған құны жоғары тауарлар үлесінің біртіндеп өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Сондай-ақ Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына назар аударылды. Ел Doing Business және Business Ready 2025 халықаралық рейтингтерінде жоғары көрсеткіштерге ие.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2029 жылға қарай экономиканы екі еселеу мақсатында Үкімет тікелей шетелдік инвестицияны кемінде 150 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтып, негізгі капиталға салынатын инвестициялар үлесін ЖІӨ-нің 23%-ына жеткізуді көздеп отыр.
Асан Дарбаев Қазақстанның ТМҰ аясында белсенді серіктес екенін атап өтіп, Түркі инвестициялық қорын қолдау, сауда кедергілерін азайту, көлік-логистикалық байланысты дамыту және цифрлық платформаларды іске қосу бағыттарындағы бастамалар жалғасатынын айтты.

