STEPPENEWS.KZ: Арқалық қаласындағы жаңартылған әуежайға алаш зиялысының есімі беріледі деп жоспарлануда. Аталған әуежай 2026 жылдың екінші жартысында пайдалануға беріледі. Бұл туралы қала әкімі Әмірхан Асанов мәлімдеді. Әуе айлағы тек көлік инфрақұрылымы нысаны ғана емес, сонымен қатар ұлт зиялысы Міржақып Дулатұлының есімімен аталу ықтималдығымен де ерекшеленіп отыр.
Әуежайдың қайта іске қосылуы, Торғай өңіріне тың серпіліс бермек. Алғашқы рейстер Алматы, Астана және Қостанай бағыттары бойынша жүзеге асырылады, дейді өңір басшысы.
«Әуежай бизнес, білім беру, туризм және жолаушылар қатынасының жаңа белеске көтерілуіне жол ашады. Арқалықтың транзиттік әлеуеті артып, өңір дамуына оң серпін беретін жаңа мүмкіндіктер пайда болады», – деді қала басшысы.
Қала әкімі әуе қатынасының қайта жандануы өңірдегі бизнес байланыстарды нығайтып, туризм мен жолаушылар тасымалын дамытуға, сондай-ақ Арқалықтың транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сондай-ақ, әуе айлағына Алаш қайраткерінің есімін беру жергілікті халық арасында қолдау тапқан. Әуе айлағына Міржақып Дулатұлының есімін беруде тарихи маңызға ие. «Оян қазақ» деп ұрандатқан тұлғаның тарихтағы орны көбіне ағартушылық және әдеби қызметімен байланыстырылса да, оның «Алаш» қозғалысының белсенді мүшесі ретіндегі әскери-саяси болмысы мен ұлттық әскер құрудағы рөлі ерекше маңызға ие болған.
Арқалық әуежайы XX ғасырдың екінші жартысында салынған. 1990-жылдардағы экономикалық дағдарыс салдарынан әуе рейстері сиреп, нысан ұзақ уақыт бойы жұмыс істемей тұрған.

