Бүгін телекөпір арқылы KIA Qazaqstan автомобиль зауытын ашқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев енді азаматтар жаңа көліктерді жеңілдікпен ала алатынын еске салды.
Айта кетейік, жуырда президенттің тапсырмасынан кейін үкімет халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бірқатар шара қабылдаған еді. Тоқаев та сол шараларға тоқталып, жеңіл несие арқылы автокөлік алу бағдарламасының қайта жанданғанын айтты.
«Енді азаматтарға автокөлікті лизингпен алу мүмкіндігі ұсынылады. Соның арқасында автокөліктер халыққа мейлінше қолжетімді бола түспек. Елімізде KIA Qazaqstan зауытының іске қосылуы осы саланы технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға зор серпін берері сөзсіз. Кәсіпорын болашақта басқа да жаңа көлік түрлерін шығарады деп сенемін. Осылайша, әлемдік озық талаптарға сай көліктерімізді сыртқы нарыққа, яғни шетелге шығаруға мүмкіндік болмақ. Қазақстан жаһандық автокөлік өнеркәсібінің дамуына бар күш-жігерін салуға дайын», – деді Президент.