Қазақстан мен Әзербайжан стратегиялық серіктестікті тереңдетіп, жаңа экономикалық жобаларды іске асыруға келісті.
Ақорда жазғандай, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен өткен келіссөздер барысында бұл сапардың екі ел арасындағы Стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастар туралы шарттың 20 жылдығымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, осы жылдар ішінде Қазақстан мен Әзербайжан екіжақты ынтымақтастықты дамытуда зор табысқа қол жеткізді.
«Халықтарымыздың достығы мен өзара қолдауының, жоғары деңгейдегі саяси диалог пен үкіметтердің жүйелі жұмысының арқасында қазақ-әзербайжан ынтымақтастығы жаңа мазмұнмен толығып келеді. Бүгінгі келіссөздер – соның айқын дәлелі. Біз сенім мен өзара құрмет рухында кең ауқымды мәселелерді талқыладық, Жоғары мемлекетаралық кеңес жемісті өтті, бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөздерде мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге баса назар аударып, екіжақты тауар айналымын бір миллиард долларға дейін арттыру жөнінде уағдаласты.
Президент Тоқаев ауыл шаруашылығы, энергетика, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және цифрландыру салаларындағы әлеуеттің жоғары екенін атап өтті.
«Тараптар бірлескен кәсіпорындар құруға мүдделі. Трансформатор өндірісін іске қосу, тұрғын үй мен инфрақұрылым құрылысы, кеме жасау саласындағы ортақ жобалар пысықталып жатыр. Үкіметтерге осы бағыттарды бақылауда ұстап, қысқа мерзім ішінде өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты дамытудың жоспарын немесе жол картасын қабылдау тапсырылды», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, өзара тиімді жобаларды қаржыландыру үшін Қазақстан–Әзербайжан тікелей инвестиция қорын жандандыру және екі елдің іскерлік топтары арасындағы байланысты күшейту келісілді.
Президент сапар аясында өтіп жатқан Қазақстан–Әзербайжан бизнес форумының маңыздылығын ерекше атап өтті.