Бүгін Республика күніне орай өткен салтанатты жиында сөз сөйлеген президент 2019 жылдан бері экономикамыз 16 пайыз өскенін мәлімдеді.
Сондай-ақ, президент хабарлағандай, ауыл, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері тікелей сайланып, ауыл әкімдерінің барлығы, ал аудан әкімдерінің 25 пайызы жаңарған. Осылайша, билік жүйесі айтарлықтай өзгерді дейді ол.
«Елімізде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орныға түсті. Ашығын айтсақ, осы аймақтағы билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс ешқашан болмаған. Біз бір ел болып саяси реформаны табысты іске асырып жатырмыз, соның нәтижесі ретінде қоғамда түбегейлі жаңғыру үдерісі басталды. Реформаларымызды жүзеге асыруға барша адамзат үшін аса қиын, күрделі кезеңде кірістік», — дейді Тоқаев.
Қазақстан президенті сөз арасында «пандемия, алпауыт елдердің санкциялық текетіресі, қалыптасқан сауда жолдарының бұзылуы, түрлі қақтығыстар мен соғыстар әлем елдерінің дамуына орасан зор шығын келтірді» дейді. Бұл жағдайлар Қазақстанға да салқынын тигізді. Дегенмен біз қажетті шараларды дер кезінде қабылдадық.
«2019 жылдан бері экономикамыз 16 пайызға өсті, биыл осы көрсеткіш шамамен 137 триллион теңге, яғни 291 миллиард доллар болады деп күтілуде, бұдан да асуы мүмкін. Бұл Қазақстанның біздің аймақтағы ең үлкен экономика екенін көрсетеді. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 47 пайызға артып, 14 400 долларға жетті. Бұл – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіштің бірі. Қазақстанның алтын-валюта резервінің көлемі 58 миллиард долларға жетті. Жеті жылда сыртқы сауда айналымы 83 пайызға артып, бүгінде 142 миллиард доллар болды», — деді Тоқаев.
