Қаржы мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысындағы департаменті «Таза Өскемен» коммуналдық кәсіпорнының бұрынғы директоры, оның орынбасары мен екі жеке кәсіпкерге қатысты ақша жымқыру ісін тергеп жатыр.
Күдіктілердің ішінде кәсіпорынның экс-директоры екі айға қамалғаны белгілі. Дереккөзге сүйенсек, күдіктілер 2022-2023 жылдар аралығында мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбестен, жүйелі түрде бюджет қаражатын өздерімен байланысы бар коммерциялық құрылымдардың есепшоттарына заңсыз аударып отырған.
«Қылмыстық схеманың мәні – материалдарды жеткізу және техниканы жалға алу бойынша жалған құжаттар рәсімдеуде болған. Атап айтқанда, құжаттарда жолдарды жөндеуге арналған битум мен құм сатып алу, суды соруға арналған арнайы техника жалдау, сондай-ақ бұған дейін орнатылған 23 аялдама павильонын жасауға қажетті материалдар сатып алу туралы жалған деректер жазылған. Кейін бұл қаражат жеке кәсіпкер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлінген», — деп хабарлайды ҚМА.
Осылайша, осы төрт адам Өскемен қаласының тазалығына деп бөлінген 120 млн теңге бюджет қаражатын қалтаға басқан.
«Қылмыстық жолмен алынған табысқа күдіктілер Өскемен қаласындағы қымбат тұрғын үй кешенінен пәтер, «BMW X6M» және «Subaru Forester» маркалы машиналарын, сондай-ақ жер учаскелерін сатып алған. Сот бұл мүліктерге санкция салды», — деп хабарлайды ҚМА.

