STEPPENEWS.KZ: Тәуелсіздіктің 33 жылында еліміз сан саладан өзгерді. Бірақ ең айқын трансформациялардың бірі – күнделікті өмірімізді түбегейлі жеңілдеткен цифрлық шешімдер. Кейде қарапайым болып көрінетін әрекеттер арқылы ғана Қазақстанның қаншалықты алға кеткенін аңғаруға болады. Бұрынғыдай кезекте тұрмай, қағазбастылыққа уақыт жоғалтатын кезімізді көз алдымызға әкелу де қиын. Уақыт өте келе бұл өзгерістерді елемеуге де болады. Бірақ әлемнің ең дамыған елдерімен салыстырсақ, біздің көптеген қызметтер әлдеқайда жылдам әрі қолжетімді екенін аңғаруға болады.
Мысалы, АҚШ немесе Еуропада банк картасын рәсімдеу үшін банкке барып, өтініш қалдыру қажет, ал нәтиже 5–7 жұмыс күнде келеді. Картаның пошта арқылы жеткенін күтуге тура келеді, кейде кешіггетін жағдайда болады. Ал бізде ше? Смартфон арқылы бір минут ішінде виртуалды карта ашуға болады, ал қажет болса, пластик нұсқасын да 5–10 минутта қолыңызға береді.
Мемлекеттік қызметтер саласында да жағдай ұқсас. Италияда туу туралы куәліктің көшірмесін алу үшін шамамен 2 апта қажет. Германияда мекенжай анықтамасын алу бірнеше күнге созылады. Елімізде бұл анықтамалардың көбі бірнеше секундта смартфоннан алынады, ал ХҚКО-дан қағаз түрінде бірден шығарып алу да мүмкін. Бұл – ұсақ-түйек емес, қоғамдағы күнделікті өмірдің сапасын айқындайтын маңызды фактор.
Бұл қалай мүмкін болды? Бірнеше себебі бар. Көптеген еуропалық елдерде ұзақ жылдар бойы өзгермеген күрделі қағаз жүйелері сақталған. Бізде ондай болмағандықтан, жаңа жүйелерді бастапқыдан цифрлық форматта құру жеңіл болды. Сонымен қатар, мемлекет пен бизнестің бірлескен реформалары нәтижеге жетуге ықпал етті. Электронды үкімет тек IT жобасы емес, заңдарды, рәсімдерді өзгертіп, бюрократияны азайтуды көздеген жүйелі реформа болды.
Тағы бір себеп – Қазақстанның кең аумағы мен банк бөлімшелерінің аздығы. Бұл мобильді қаржы сервистерінің тез дамуына жол ашты. Kaspi сияқты платформалар смартфонды халықтың әмияны, банкі, қызмет көрсету орнына айналдырды. Нәтижесінде төлемдер, аударымдар, несие рәсімдеу жылдамдығы көптеген елдерден әлдеқайда озық деңгейге жетті. Бұл тек технология емес – өмір сапасының артуы.
Әлі де шешімін таппаған мәселелер бар: ауылдардағы интернеттің сапасы, IT-мамандардың шетелге кетуі, кейбір онлайн-қызметтердің тұрақсыз жұмысы. Бірақ маңыздысы – қоғамда жаңа стандарт қалыптасты. Адамдар бұрынғыдай «күту керек шығар» демейді, керісінше:
«Неге бұл қызмет бірден істемейді? Жылдам болуы тиіс қой»
деп талап етуге құқылы. Бұл – үлкен мәдени өзгеріс.
Тәуелсіздік сыйлаған ең үлкен артықшылық – уақыт. Қазақстанның 33 жылдағы технологиялық серпілісі тек серверлер мен қосымшалар жайлы емес. Бұл – адамның уақытын, жүйкесін, мүмкіндігін үнемдеу. Тәуелсіздік бізге қолайлы, білімге ашық, цифрлық мүмкіндіктері мол ел құруға жол ашты. Ендігі міндет – осы жетістікті сақтау және өзіміз әзірлеген ыңғайлы сервистерді басқа елдерге де ұсына алатындай деңгейге жеткізу. Өйткені бізде озық тәжірибе бар, ал тәжірибесі бар елдің болашағы сенімді.

