STEPPENEWS.KZ: «Visit Zhetysu» ұйымдастырған ақпараттық турдың екінші күні Текелі қаласындағы «Тау Жетісу» демалыс базасында жалғасты. Бұл нысан – өңірде тау туризмі мен белсенді демалыс бағыттары қарқынды дамып келе жатқан маңызды орындардың бірі.

Бағдарлама аясында қатысушыларға парапланмен ұшу мүмкіндігі ұсынылды. Кәсіби нұсқаушылардың жетекшілігімен биікте қалықтап, Жетісудың әсем табиғатын құс биігінен тамашаладық. Асқар таулар, жасыл белестер мен ашық аспан ерекше әсер мен еркіндік сезімін сыйлады.

Бұл тәжірибе Жетісудың тек экологиялық туризмге ғана емес, экстремалды демалыс бағытында да зор әлеуетке ие екенін айқын көрсетті. Инфрақұрылымы дамып келе жатқан «Тау Жетісу» базасы алдағы уақытта өңірдің басты туристік тартымды орындарының біріне айналары сөзсіз.
Жетісу – табиғат аясында тынығуды қалайтындар үшін де, адреналин іздегендер үшін де таптырмас мекен.

