Таразда автобус аялдамасында тұрған қыз баланы ұрлау ісіне қатысты Ішкі істер министрлігі түсініктеме берді. Полицияның хабарлауынша, бұл іс бойынша үш күдікті ұсталып, тергеу «Некеге мәжбүрлеу» бабы бойынша жүргізіліп жатыр.
ІІМ-нің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешевтің айтуынша, ұсталған үш адам уақытша ұстау изоляторына қамалған. Тергеу барысы ІІМ басшылығының ерекше бақылауына алынған.
Осыған дейін куәгерлер автобус аялдамасынан қызды күштеп көлікке отырғызып әкеткен сәтті видеоға түсірген еді. Жазбада қыз баланың қарсылық танытып, қашып кетуге тырысқаны, ал айналасындағы адамдардың көмектеспек болғанымен, оны тоқтата алмағаны байқалады.
Полиция оқиғаға қатысы бар барлық адамның тұлғасын анықтап, олардан жауап алған.
«Тараптар бұрыннан таныс болғаны анықталды, өзара ешқандай шағымдары жоқ», – деп хабарлады Жамбыл облыстық полиция департаменті.
Осыған қарамастан, полиция бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 125-бабы – «Адам ұрлау» бойынша іс тіркеген. Кейінірек ІІМ өкілі тергеудің енді «Некеге мәжбүрлеу» бабы бойынша жалғасатынын жеткізді.
«Аталған бап қылмыстық заңнамаға соңғы жаңартулар кезінде енгізілген. Оны қолдану бойынша түсіндіру жұмысы тұрақты түрде жүргізіледі. Ішкі істер органдары азаматтардың жеке бостандығына қарсы бағытталған кез келген әрекетті, оның ішінде некеге мәжбүрлеу фактілерін қатаң түрде тоқтатады. Жаза бұлтармастығы қағидаты толық көлемде қамтамасыз етіледі», – делінген ІІМ мәлімдемесінде.
Айта кетейік, 2025 жылдың 16 шілдесінде мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойғаны хабарланған болатын.
