Таразда BMW көлігінің мас жүргізушісі полицейлерден қашуға әрекет етті, ІІМ ведомстволық сайтына сілтеме жасалды.
Тараз қаласында түнде полицейлер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу жағдайын анықтады. Патрульдік полиция экипажы BMW автокөлігінің жол қозғалысына қауіпті екенін байқады.
«Алайда жүргізуші полицейлердің заңды тоқтату талабына бағынбай, қашуға әрекеттенген. Құқық қорғау қызметкерлері көлікті тоқтатып, жүргізушіні ұстады», — делінген хабарламада.
Тексеру барысында ер адамның алкогольдік мас күйде болғаны анықталды. Оның әрекеті ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін еді, бірақ полицейлердің қырағылығы мен кәсібилігінің арқасында ықтимал жол апатының алды алынды.
Жүргізушіге көлікті мас күйде басқарғаны, полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны және қарсы бағытқа шыққаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктелді. Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.
Полиция тұрғындарға ескерту жасайды: мас күйде көлік басқару адам өміріне қауіп төндіретін, жол қозғалысы ережесін өрескел бұзу болып саналады. Әр азамат өз өмірі мен өзгенің қауіпсіздігі үшін жауапты екенін ұмытпауы тиіс.

