Танымал актер Елдос Шайкенов «Хабар» телеарнасындағы «КЕШREC» бағдарламасында бала кезінде циркке бару үшін үйдегі самаурынды сатып жіберген кезін еске алып, осы ісі үшін анасынан кешірім сұрады.
«Бала күнімде үйдегі самаурынды сатып жібергенмін. Сол үшін анамнан кешірім сұраймын. Бұған дейін не үшін сатқанымды айтпаған едім. Ауылға цирк келді. Мәди деген досым екеумізде баратын ақша болмады. Менің қолымда ақша болды, бірақ жетіңкіремей тұрды. Оның үстіне жалғыз бармаймын ғой», — деп бастады әңгімесін Елдос Шайкенов.
Сөйтіп екі дос ауылдағы «Колхоз» деген цехтан мыс ұрлауға бел буған.
«Цехта ескі қозғалтқыштар бар еді, содан мыс алдық. Бөтелке жинадық. Соның өзінде жетпеді. Сосын үйдегі самаурында металл қабылдайтын орынға өткізіп жібердім. 150 теңге болды-ау деймін. Үйдегілер самаурынды іздеп әлек болды. Соңында бәрін біліп қойды. Қайтарып алып келді», — деп күлді актер.
Еске сала кетейік, айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов та балалықпен ұрлық жасап, әкесінен оңбай таяқ жегенін айтып берген болатын. Ол кез келген баланың басында ондай жағдай болатынын, сол кезде дұрыс бағыт-бағдар беру өте маңызды екенін атап өтті.

