Талдықорғанда тәртіп сақшылары қарапайым шақыртуға шыққанымен, ауыр төтенше жағдайдың куәсі болды. Оқиға Жастар шағынауданында болған.
Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің қызметкерлері Темірлан Қажыханұлы мен Сейтберлі Мақсат тұрғындардан түскен шақырту бойынша мекенжайға барған. Қоңырау шалғандар тұрғын үйде адамдардың қатты шулап жатқанына шағымданған. Алайда оқиға орнына жеткенде, олар үйдің шатырын өрт жалмап жатқанын байқайды. Сол маңдағы көршілер үй ішінде адам қалып қоюы мүмкін екенін айтқан.
Полицей ер адамды құтқарды
Уақытты жоғалтпай, Темірлан Қажыханұлы жанып жатқан үйдің шатырына көтеріліп, қою түтін арасынан ер адамды байқап қалады. Ол азаматты қолына көтеріп, шатырдан секіріп түсуге мәжбүр болған.
Құтқарылған ер адам оқиға орнында медицина қызметкерлеріне тапсырылды. Ал батылдық көрсеткен полицей жеңіл дәрежеде түтін газынан уланғанымен, ауруханаға жатудан бас тартты.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Полицейлердің жедел және кәсіби әрекетінің арқасында бір адамның өмірі аман сақталды.
