STEPPENEWS.KZ: Қазақстан үшін су тапшылығы барған сайын күрделі әрі жүйелі проблемаға айналып отыр. Елдегі су ресурстарының қырық пайыздан астамы Қазақстан аумағынан тыс жерде қалыптасады. Бұл жағдай су қауіпсіздігін тек экологиялық емес, геосаяси және ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі мәселе ретінде қарастыруды талап етеді.
Qazaq Expert Club сарапшысы, Қазақстан Жастар Парламентінің су мәселелері жөніндегі президенті Қуаныш Өзбеков жаңа Су кодексі алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымын заңнамалық деңгейде бекітіп, суды басқаруды мемлекеттің стратегиялық міндеті ретінде айқындағанын атап өтеді.
Сарапшының айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстандағы су қауіпсіздігіне бірнеше ірі фактор бір мезгілде әсер етіп отыр. Ең алдымен, бұл – оңтүстік өңірлердегі тұрақты су тапшылығы. Ауыл шаруашылығы дамыған аймақтарда суға деген сұраныс жыл сайын артып келеді, ал қолда бар ресурстар бұл сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр.
Екінші маңызды фактор – климаттың өзгеруі. Тянь-Шань мен Алтайдағы мұздықтар ғалымдар болжаған мерзімнен жылдамырақ еріп жатыр. Бұл өзендердің суы қысқа мерзімде көбейгенімен, ұзақ перспективада су көлемінің азаюына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, температураның жоғарылауы булануды күшейтіп, жауын-шашынның түсуін болжап отыруды қиындатып отыр.
Үшінші мәселе – ел ішіндегі инфрақұрылымдық шығындар. Қолданыстағы ирригациялық жүйелердің тозуына байланысты суармалы судың елу пайызға дейінгі бөлігі егістікке жетпей жоғалады. Бұл су ресурстарын тиімді пайдалануға кедергі келтіріп, ауыл шаруашылығының өнімділігін төмендетеді.
Алайда ең күрделі қауіп – трансшекаралық тәуелділік. Қазақстандағы сегіз су бассейнінің жетеуі судың қырық төрт пен елу пайызына дейінін шетел мемлекеттерінен алады. Іле мен Ертіс өзендері бойынша Қытайда су тұтынудың артуы ағын көлемінің он мен жиырма жеті пайыз аралығында қысқаруына әсер еткен. Ал Сырдария өзеніндегі жағдай Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы су-энергетикалық келісімдерге тікелей байланысты.
Қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр?
Су тапшылығының алдын алу мақсатында мемлекет бірқатар жүйелі шешімдерді іске асыруда. 2024–2028 жылдарға арналған Су қауіпсіздігінің кешенді жоспары шеңберінде су инфрақұрылымын жаңғырту басты бағыт ретінде белгіленген.
Аталған жоспар аясында қырық екі жаңа су қоймасын салу және отыз жеті су қоймасын қайта жаңғырту көзделген. Сонымен қатар, он төрт мың шақырымға жуық каналдарды жөндеу және бетондалау арқылы су жоғалтуды азайту жоспарланып отыр. 2026 жылы су ресурстарын есепке алудың ұлттық цифрлық жүйесі іске қосылып, оған жасанды интеллект пен спутниктік мониторинг элементтері енгізіледі.
Ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологиялары да белсенді дамып келеді. 2025 жылы тамшылатып және жаңбырлатып суару қолданылатын жер көлемі тағы да сексен бес мыңнан жүз елу сегіз мың гектарға дейін артты. Мемлекет мұндай технологияларды енгізуге жұмсалған шығынның сексен пайызына дейін өтейді. 2026–2028 жылдарға бұл мақсатқа екі жүз он төрт миллиард теңге қарастырылған, бұл бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда бірнеше есе көп.
Сонымен бірге, экологиялық бағыттағы шаралар да күшейтілуде. Су кодексі аясында шағын өзендер мен көлдерді қорғау талаптары енгізіліп, өзендердегі экологиялық ағыс ұғымы бекітілді. Бұл табиғи экожүйелерді сақтауға мүмкіндік береді.
Дегенмен, Қуаныш Өзбековтің айтуынша, шешімін күткен мәселелер әлі де бар. Оңтүстік өңірлерде суды көп қажет ететін дақылдарды өсіру сақталып отыр, ал ирригациялық инфрақұрылымның едәуір бөлігі әлі де жаңғыртуды қажет етеді. Бұдан бөлек, Қытаймен Іле мен Ертіс өзендері бойынша келіссөздер баяу жүріп жатыр, себебі бұл бағытта құқықтық тұрғыда міндеттейтін тетіктер жеткіліксіз.
Сарапшының пікірінше, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстанға тек инфрақұрылымдық жобалар ғана емес, халықаралық деңгейде ел мүддесін қорғай алатын кәсіби су дипломатиясы да қажет.

