Оңтүстік Кореяда өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастық саммиті қарсаңында Солтүстік Корея Жапон теңізіне қарай қысқа қашықтықтағы бірнеше баллистикалық зымырандарын ұшырды.
ВВС жазуынша, әлем көшбасшылары, оның ішінде АҚШ президенті Дональд Трамп шақырылған саммитке бір апта уақыт қалды.
Соңғы рет Пхеньян қысқа қашықтықтағы баллистикалық және қанатты зымырандарды мамырда сынақтан өткізген еді. Оңтүстік Корея әскери ведомствосының хабарлауынша, баллистикалық зымырандар шамамен 350 шақырым қашықтыққа ұшқан. Осыған байланысты әскерилердің дайындығы күшейтілген.
Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастық саммиті 31 қазан мен 1 қараша аралығында Оңтүстік Кореяда өтеді. АҚШ президенті Дональд Трамп 29 қазанда Сеулге келеді.
Бұған дейін Солтүстік Кореяның ресми ақпарат құралдары Ким Чен Ынның АҚШ-пен сөйлесуге дайын екенін хабарлаған. Алайда «ядролық қарудан бас тарт» деген шартқа көнбейтінін ескерткен.
Еске сала кетейік, қазан айында Солтүстік Корея билігі Корея Еңбек партиясына 80 жыл толуына орай «Хвасон-20» жаңа континентаралық баллистикалық зымыранын көрсетті.