Оның сөзі Қытайдың сыртқы істер ведомствосының сайтында жарияланды.
— TikTok мәселесіне қатысты Қытайдың ұстанымы түсінікті. ҚХР Үкіметі корпорацияның ниетін құрметтейді және мүдделердің тепе-теңдігін сақтай отырып, Қытай заңдары мен ережелеріне сәйкес келетін тиісті шешім қабылдау үшін нарық талабына сай комммерциялық келіссөздер жүргізуді қолдайды, — деп келтірді Си Цзиньпиннің мәлімдемесін Қытай СІМ сайты.
Си Цзиньпин Қытай мен АҚШ арасындағы қатынастардың маңыздылығын атап өтті. Біздің сауда-экономикалық мәселелер бойынша командаларымыздың арасында жуырда болған консультациялар теңдік рухы мен өзара құрметті көрсетті.
— АҚШ-тың көптеген келіссөздердің барысында қол жеткізілген жетістіктердің нәтижесін жоққа шығаратын біржақты сауда шектеулерін енгізуден бас тартқаны дұрыс, -деп келтірді Қытай төрағасының сөзін СІМ ресми сайты.
Қытай Сыртқы істер министрлігінің сайты келтірген АҚШ президенті Дональд Трамптың сөзінше, Америка тарапы Қытаймен ұзақмерзімді және берік қарым-қатынасты қолдауға ұмтылады. Вашингтон екіжақты экономикалық және сауда ынтымақтастығын дамытуға тырысады, екі команда арасында болып жатқан консультацияларға қолдау көрсетеді және TikTok мәселесінің де тиімді шешімін табуға тырысып жатыр.
— АҚШ бүкіл әлемде бейбітшілікті сақтау үшін Қытаймен бейбіт қарым-қатынаста болу жолында жұмыс істейді, — деп келтірді Қытай Сыртқы істер министрлігінің сайты АҚШ президентінің сөзін.
Осыған дейін АҚШ пен Қытай TikTok бойынша алдын ала келісімге келгені туралы жаздық.

