Қаржы мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның бұрынғы төрағасы Жандар Омаровқа қатысты сотқа дейінгі тергеу өткізіп жатыр.
«Ол алма бақтарын салуға бөлінген бюджет қаражатын иемдену фактісі бойынша, қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, жұмыстар мен жабдықтардың құнын негізсіз көтеру жолымен ұрлық жасады деген күдікке ілінді», — деп хабарлайды ҚМА.
Дереккөз бұл қылмыстық істің схемасын былайша түсіндірген: Жандар Омаров өзіне қатысы бар «Green Mart Kazakhstan» компаниясының басшысын тартқан. Аталған тұлға бағдарламаға қатысушы болып көріну үшін достары мен туыстарының атына 20 жалған компания тіркеген. Шын мәнінде бұл тұлғалар ешқандай қызмет атқармаған және жобаға қатыспаған.
«Жалған құжаттар негізінде Қорға 1,4 млрд теңге көлемінде лизинг алу туралы өтінімдер ұсынылып, олар кейін Қор тарапынан мақұлданған. Байқау рәсімдерін өткізбестен, жеткізуші ретінде бір ғана қатысушы — «Green Mart Kazakhstan» ЖШС таңдалған. Қаражат түскен соң, оның бір бөлігі кәсіпорындардың есепшоттарына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған», — деп хабарлайды ҚМА.
Жабдықтар қымбат бағаға алынған, алайда, алма бақ салынбаған. Осылайша, мемлекетке 430 млн теңгеден астам залал келген. Жандар Омаров қазір қамауда отыр. Айта кетейік, осы іс бойынша Қордың бұрынғы басқарушы директоры М.К. Искаков пен «Green Mart Kazakhstan» ЖШС басшысы Р.Б. Сазынбек 8 жылға бас бостандығынан айырылып, 4 автокөлігі тәркіленген болатын.

 
