STEPPENEWS.KZ: Шымкенттің IT-хабқа айналуы үшін жеткілікті ресурстары бар ма – жоба тәуекелдері жөнінде сарапшы пікірі:
2026 жылдың наурыз айының соңында Digital Qazaqstan форумында Shymkent IT City инновациялық кластерін құру туралы меморандумға қол қойылды. IT-мамандар мен стартаптарға арналған экожүйені дамытуға бағытталған бұл бастама – мемлекет пен бизнестің бірлескен жобасы. Сондықтан оның табысы тікелей нарықтық тетіктердің тиімділігіне байланысты болмақ.
Неліктен дәл Шымкент таңдалды және жобаны іске асыру барысында қандай тәуекелдер туындауы мүмкін – бұл жөнінде Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналина түсіндіріп өтті.
Оның айтуынша, Shymkent IT City жобасы үшін Шымкентті таңдау орынды. Қала – еліміздегі ірі мегаполистердің бірі, әрі технологиялық даму үшін қажетті негізгі алғышарттар бар. Мұнда 19 жоғары оқу орны жұмыс істейді, бұл білікті мамандарды тұрақты даярлауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ көші-қон тұрғысынан да қала тартымды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңіраралық оң сальдо 15 130 адамды құраған. Экономикасы да өсім көрсетіп отыр: 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында жалпы өңірлік өнім 3,67 трлн теңгеге жетіп, өсім 8,5% болды. Оның 67,8%-ы қызмет көрсету саласына тиесілі. Бұл маңызды көрсеткіш, өйткені IT-кластерлер көбіне қызмет көрсету мен бизнес жақсы дамыған ортада қарқынды дамиды.
2026 жылдың наурызындағы дерекке сәйкес, қалада 30 мыңнан астам заңды тұлға тіркелген, оның шамамен 25 мыңы белсенді жұмыс істейді. Бұл жобаны жүзеге асыруға жеткілікті экономикалық әрі институционалдық негіз бар екенін көрсетеді.
Дегенмен, сарапшы бұл артықшылықтарды асыра бағаламау керектігін атап өтті. Жоба аясында кемінде үш негізгі тәуекел бар.
Біріншісі – жергілікті деңгейде венчурлік қаржының жеткіліксіздігі. Егер инвестицияға қолжетімділік шектеулі болса, қала тек басқа елдерге бағытталған стартаптарды даярлайтын алаңға айналып кетуі мүмкін.
Екіншісі – таланттардың Алматы мен Астанаға кетуі. Себебі бұл қалаларда жұмыс берушілер, инвесторлар, акселераторлар мен кәсіби орта қалыптасқан, яғни экожүйе әлдеқайда дамыған.
Үшіншісі – өңірде күрделі IT-шешімдерге деген сұраныстың төмендігі. Егер стартаптар мен өнім әзірлейтін командалар үшін жергілікті деңгейде төлем қабілеті бар алғашқы клиенттер болмаса, экожүйе баяу дамиды.
Сондықтан Shymkent IT City жобасының табысты болуы нақты қадамдарға байланысты. Ең алдымен, технологиялық компаниялар мен фаундерлерге бағытталған нақты қолдау тетіктері қажет. Яғни жалпы жеңілдіктер емес, жобаны бастау мен дамыту шығындарын азайтатын құралдар маңызды.
Екіншіден, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың рөлі ерекше. Қалалық қызметтер, білім беру, денсаулық сақтау, көлік және коммуналдық салалар жергілікті IT-шешімдердің алғашқы тапсырыс берушісіне айналуы тиіс.
Үшіншіден, мамандарды тарту бағдарламаларын іске қосу қажет. Фаундерлерді, инженерлерді және әзірлеушілерді қалаға қызықтыра білу маңызды. Шымкент тек кадр даярлайтын емес, сонымен қатар оларды ұстап қалатын әрі тартатын орталыққа айналуы керек.
Сонымен қатар акселерациялық бағдарламалар, пилоттық жобалар, жедел сатып алу тетіктері және жоғары оқу орындары, бизнес пен инвесторлар арасындағы тиімді өзара байланыс жүйесі жолға қойылуы тиіс.

