STEPPENEWS.KZ: Еңбекші ауданындағы «Базарқақпа» тұрғын алабында болған жол апаты төтенше жағдайға ұласа жаздады. Жеңіл автокөлік газ реттегіш пунктіне соғылып, соның салдарынан газ-ауа қоспасы жарылып, өрт шықты.
Жарылыстың екпіні маңайдағы жеке үйлерге де әсер етіп, бірнеше баспананың терезесіне зақым келтірген. Дегенмен, адам шығыны жоқ. Көлік жүргізушісі өрт өрши қоймаған сәтте көліктен шығып үлгерген.
Оқиға орнына жеткен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары өртті жедел оқшаулап, оның тұрғын үйлерге таралуына жол бермеді. Құтқарушылардың үйлесімді әрекетінің арқасында тілсіз жау дер кезінде сөндірілді.
Қазір құзырлы органдар апаттың туындау себептерін анықтап жатыр. Мамандар мұндай нысандардың маңында қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын ескертті.

