STEPPENEWS.KZ: Шымкент қаласында Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылған DamDastour халықаралық гастрономия фестивалі мегаполистің мерекелік ажарын аша түсті. 2026 жылдың басты іс-шаралар күнтізбесіне енген бұл жоба Қазақстандағы оқиғалы туризмнің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті.
Әл-Фараби атындағы орталық алаң бірнеше күн бойы әлем асханалары тоғысқан үлкен мәдени кеңістікке айналды. Фестивальдің басты ерекшелігі – оған әлемнің 10 елінен, атап айтқанда Бельгия, Швейцария, Франция, Сербия, Түркия, Грузия, Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген халықаралық деңгейдегі танымал бас аспаздар қатысты. Шетелдік меймандар өздерінің авторлық тағамдарын ұсынып қана қоймай, кәсіби шеберлік сабақтарын өткізіп, тәжірибе алмасты.
Мереке аясында қаладағы 50-ге жуық үздік мейрамхана өзара бақ сынасты. Қазылар алқасының шешімімен гастрономиялық байқаудың жеңімпаздары анықталды:
-
Grand Gondel Hills мейрамханасы «Ең үздік палау» дайындаудан алдына жан салмады;
-
Qazaq Samsa мейрамханасы «Ең дәмді самса» аталымында үздік деп танылды;
-
«Понтос» мейрамханасы «Үздік ұлттық тағам» номинациясын жеңіп алса, «Камал ата» кафесі белсенділігі үшін арнайы марапатқа ие болды.
Дәмді тағамдардан бөлек, фестиваль қонақтары үшін наурыз көже ұсынылып, мазмұнды мәдени бағдарлама ұйымдастырылды. Батырлар шоуы мен цирк қойылымдарынан бастап, мотошеру, автокөрме және қолөнершілер жәрмеңкесіне дейінгі ауқымды шаралар келушілерге нағыз мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Бұл фестиваль Шымкенттің туристік әлеуетін паш етіп, ұлттық асханамызды халықаралық деңгейде насихаттауға арналған бірегей алаңға айналды.

