Шымкент қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты Қуаныш Дәулетәлиевке сот екінші рет іздеу жариялады. Ол «Қорлау» бабымен айыпталып, ісі сотқа өткен еді. Жәбірленушінің айтуынша, экс-депутат оның ар-намысына тиетін сөздер айтып, балағаттаған, деп хабарлады Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Экс-депутат тағы да сотқа келмеді
Сот жабық өткен. Іс бойынша үкім шығаруға жақындаған болатын. Сот кабинеті жүйесіндегі мәліметке қарағанда, судья бүгінгі сот отырысына айыпталушыны мәжбүрлеп, күшпен жеткізуге қаулы еткен. Бірақ полиция экс-депутатты сот отырысына жеткізе алмады.
Іс бойынша жәбірленуші деп танылып, жекеше айып түсірген Ескендір Жамбаев Дәулетәлиев ар-намысыма тиді, балағаттады дейді.
«Балағаттап, ар-намысыма тиіп, қорқытып, өзі қоқан-лоқы көрсетті. Оның өзінің екі баласын айыптап, арыз жазған болатынмын. Ол да сот шешімімен қаралып, сот әділ шешім шығарып, балалары алаяқтық айыбымен жазаланды. Соның есебінен маған жеке кек сақтаған ба, осылай қорқытып, балағаттап, намысыма тиетін сөздер айтты», — дейді Ескендір Жамбаев.
Дәулетәлиевке іздеу салынды
Дәулетәлиевті іздестіру шараларын ұйымдастыру прокуратураға, қаулының орындалуы полицияға тағы жүктелді. Экс-депутатты іздеу туралы ақпарат Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының ресми порталында 2 қыркүйек күні пайда болған.
Айыпталушы бұған дейін Шымкент қалалық мәслихатының депутаты және «Ауыл» партиясының мүшесі болған. Шымкент қалалық мәслихатының ресми сайтындағы деректерге қарағанда, Дәулетәлиевтің мамандығы заңгер. Бірақ 25 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысады. Ол мәслихатта «Ауыл» партиясының депутаттық фракциясын басқарған.