Шығыс Қазақстан облысында «QazConstructions» компаниясының бұрынғы директор орынбасары мен Күршім ауданы мәслихатының депутаты әлеуметтік нысандардың құрылысына бөлінген 2 млрд теңгені қалтаға басты деген күдікке ілінді. Сот екі күдіктіні екі айға қамауға алды.
Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметінше, олар Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының 7 ауданында 11 әлеуметтік нысан салуға бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.
«Күдіктілердің қатарында – «QazConstructions» ЖШС-нің бұрынғы директорының орынбасары, Күршім ауданы мәслихатының депутаты бар», — деп хабарлайды ҚМА.
Айта кетейік, жымқырылған қаражатқа «халықтың өмір сүру сапасын арттырып, азаматтардың бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған жобалар салынуы керек еді».
«Қылмыстық әрекеттер салдарынан төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 20 мыңнан астам адам тұратын жеті ауылды сумен қамтамасыз етуге арналған су құбыры салынбай қалды. Жымқырылған қаржының жалпы көлемі 2 млрд теңгеден асады. Олар байланысы бар компаниялар арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып алған», — деп хабарлайды ҚМА.
Күдіктілер қалтаға басқан ақшасына Астанадағы қымбат санаттағы тұрғын үй кешендерінен бірнеше пәтер, «Lamborghini Urus», «Cadillac Escalade», «Mercedes» автокөліктері мен асыл тұқымды жылқылар сатып алған екен. Бұл мүлікке сот санкция салды.