STEPPENEWS.KZ: Шетелдік ақпарат құралдары Қазақстанда қытай автокөліктерінің танымалдығының арту себептерін талдады.
Euronews телеарнасының мақаласына сәйкес, он жыл бұрын ел көшелерінде негізінен еуропалық маркалар жүрген. Бүгінде қытай брендтері айқын басымдыққа ие. Сарапшылар бұл өзгерістің бірнеше нақты себебін атады: технология мен сапаның өсуі. Қытай автоконцерндері өндірісті жүйелі түрде жетілдіріп келеді. Олар дизайнға, технологияға және қауіпсіздікке миллиардтаған доллар инвестиция салған. Нәтижесінде қазіргі қытай көліктерінің сапасы 20 жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Қазақстандағы автомобиль нарығын мониторингтеу және талдау агенттігінің басшысы Артур Мискарян қытай көліктерінің жаңару қарқыны мен техникалық жетілуі күмән тудырмайтынын айтты.
Қолжетімді баға және тиімді ұсыныс
Қазақстанда автокөлік сатып алушылардың жартысынан астамы несие немесе бөліп төлеу арқылы алады. Қытай өндірушілері жергілікті банктермен бірлесіп, жеңілдетілген несие бағдарламаларын ұсынады. Бұл сатып алуды барынша қолжетімді етті. Автокөлік саудасымен айналысатын қазақстандық сайттардың біріндегі жаңа көліктер бөлімінің жетекшісі Ербол Шомбиновтың айтуынша, қытай брендтері банктермен тығыз жұмыс істеп, бәсекеге қабілетті несие шарттарын ұсына алады. Бір класстағы еуропалық көліктер әдетте қымбатырақ. Қытай модельдері үнемді әрі қосымша мүмкіндіктерге бай.
Жергілікті өндіріс пен әріптестік
Қазақстан нарығының ерекшелігі — баға деңгейі валюта бағамына тәуелді. Сол себепті тұрғындар жергілікті өндірілген көліктерге көбірек мән береді. Өндірісті локализациялау жеткізу мерзімін қысқартады. Бағаның тұрақтылығын арттырады. Заңсыз импорт қаупін азайтады. Сарапшылар 2025 жылы елде тіркелетін көліктердің 64 пайызы Қазақстанда өндірілетінін болжайды. Қытай автоконцерндері осы ерекшелікті ескеріп, отандық компаниялармен белсенді әріптестік орнатты. Мысал ретінде бірнеше қытай брендінің ресми өкілі Astana Motors компаниясын атауға болады. Компания автокөлік өндірісін дамытып келеді. Биыл қыркүйекте толық жинақтау әдісімен жұмыс істейтін CKD зауыты іске қосылды. Кәсіпорын жылына 120 мыңнан астам көлік шығара алады. Қытай өндірушілерінің нарыққа икемді бейімделуі Astana Motors үшін маңызды артықшылық. Мысалы, мультимедиялық жүйелерге қазақ тілін енгізді. Компоненттерді ел ішінде өндіруге дайын. Технологиямен бөлісуге де ашық.
Ескерусіз қалмайтын өзге себептер
Геосаяси жағдай кейбір еуропалық брендтердің Қазақстан нарығынан кетуіне әсер етті. Бұл қытай компаниялары үшін мүмкіндік ашты. Қытай мен Қазақстанның көршілес орналасуы логистиканы жеңілдетіп, шығынды азайтты. Автомобиль одағының дерегі бойынша, 2020 жылы қытай көліктерінің нарықтағы үлесі 2 пайыз болған. 2024 жылы бұл көрсеткіш 38 пайызға жетті. Биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында үлес 34,5 пайызға жетті. Қытай брендтерінің саны 1-ден 21-ге артты.
Сарапшылардың ортақ пікірі: қытай автокөліктері алдағы уақытта да Қазақстан нарығында тұрақты орнын сақтайды.

