Семейде құлаққаппен телефонға қарап келе жатқан жігітті пойыз қағып кетті, деп хабарлайды КТК-ға сілтеме жасап.
Дәрігерлер 23 жастағы жігіттің оң аяғын кесуге мәжбүр болды. Жас жігіттің қабырғасы сынып, миы да шайқалған. Қазір дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр.
Оқиға сенбі күні шаһардың қақ ортасында болды. Жүйткіп келе жатқан жолаушылар пойызы жігітті қағып өткен. Сол мезетте аяғы темір доңғалақтың астында қалып қойыпты. Ал өзі ұялы телефонды шұқылап, құлаққап киіп келе жатып, пойыздың дауысын естімеген.
«Ауруханаға түскен кезде бірден жансақтау бөліміне жатқызылып, шокқа қарсы терапия өткізілді. Ота жасалды. Оң жақ сирағының ортаңғы үштен бір бөлігіне ампутация жасалынды. Сол жақ санының жұмсақ тіндерінің жарасына бірінші хирургиялық өңдеу жасалды», — дейді Семей жедел медициналық ауруханасының бөлім меңгерушісі Дарын Бақтыбаев.
Еске сала кетейік, Шығыс Қазақстан облысында екі әйелді пойыз қағып кеткен болатын. Олардың біреуі оқиға орнында көз жұмды, ал екіншісі – 48 жастағы әйел ауруханаға жеткізілді.