Заң алдындағы жазасын өтеп шыққан ұлымды Семейдің соты қайтадан 10 жылға түрмеге жапты. Осылай деген Абай облысының тұрғыны Серікбол Оразханов әділдік іздеп, құзіретті органдарының табалдырығын тоздырып жүр.
Azattyq Rýhy редакциясына сұхбат берген Серікбол Оразхановтың айтуынша, 33 жастағы ұлы Нұржан Амантаев «билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері» үшін үш жылға сотталған. Жәбірленушіге 2 млн теңге моральдық шығынды өтеп, 2 жыл екі ай өткенде тәртібінің жақсы болуына орай босап шығады. Алайда арада бір ай өткенде жігітті қайта қамап тастайды.
«Ұлым үйге келген соң, үстінен тағы арыз жазып жіберген. 2025 жылы маусымда Жоғарғы Сот алғашқы үкімнің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберді. Кейін тағы сот отырысы өтіп, ҚР ҚК-нің 380-бабының 6-бөлігінің 4) тармағы бойынша айып тағылып, 10 жылға сотталды. Судья рақымшылыққа байланысты 8 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Жазасын өтеп шыққан адамды бір баппен екі рет абақтыға қамау әділеттілік пе? Қолымнан келгеннің бәрін жасап жатырмын. Адамның тағдырымен осылай ойнауға бола ма? Президентке де үндеуімді дайындадым, журналистерге сұхбат беріп жатырмын. Абай облыстық сотының үкіміне қарсымын. Ұлымды қалай да қорғап аламын, соңына дейін барамын», — деді ол.
Әкесінің айтуынша, Нұржан Амантаев Қытай шекарасындағы Бақты кеден бекетінде жүргізуші болған. Бұрын әскери полиция мекемесінде істеген. Мінезі жайлы, тәртіпті адам.
Сотталушының қарындасы Айжан Амантаеваның айтуынша, 3 жылға сотталып, жазасын өтеп шыққан адамды, үкім заңды күшіне енгенде түсініксіз жағдайда қайта қамап іс қайта сараланып 10 жылға темір торға жіберу біздің миға сыймайды.
Айжан Амантаева президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан, Жоғарғы соттан қылмыстық іске құқықтық баға беріп, әділдікті қалпына келтіруді сұрады.
«Менің бұл істің әділдігіне күмәнім бар. Себебі жәбірленуші ауыр дене жарақатын алмаған, мүгедектікке шалдықпаған. Ағам бұл іс бойынша бұрын жазасын өтеп шыққан. Тағайындалған 10 жылдық жаза қоғамға қауіптілік деңгейіне сай келмейді. Сондықтан мен сіздерден аталған іске құқықтық баға беріп, әділдікті қалпына келтіру мақсатында Абай облысында шыққан сот үкіміне прокурорлық қадағалау жүргізуді, қажет болса істі қайта қарау немесе жазаны жеңілдетуге ықпал етуді, сондай-ақ тәуелсіз және әділ тексеру жүргізуді сұраймын. Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында әділ шешім қабылдануын талап етемін», – деді ол.
Серікбол Оразханов ұлының әділетсіз сотталып отырғанын айтып, шешім шығарып отырған лауазымды тұлғалар да жауап беруі қажет деп санайды.
Осыған байланысты Azattyq Rýhy редакциясы Абай облыстық сотына сауал жолдаған болатын. Уәкілетті органның мәлімдеуінше, Нұржан Амантаев әріптесімен бірге жәбірленушіні пәтерінен далаға шығарып алып, оны ұрып-соққан, оның денсаулығына орташа және жеңіл зиян дене жарақаттарын келтірген. Осыдан кейін жәбірленуші 6 ай бойы жұмыс орнына орала алмаған, 2 рет ота жасатқан.
Амантаевқа қатысты Абай облысының мамандандырылған ауданаралық соты 2024 жылғы 5 сәуірде үкім шығарған. Сот оның іс-әрекетін Қылмыстық кодекстің 380-бабының 6-бөлігінің 4) тармағынан 4-бөлігінің 3) тармағына ауыстырып, 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. 2024 жылғы 11 маусымда Абай облыстық соты бұл үкімді өзгеріссіз қалдырған. Алайда жәбірленушінің өкілі, адвокат Б.Ұ.Жұман үкіммен келіспей, Жоғарғы Сотқа өтінішхат жолдаған. Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 2025 жылғы 3 маусымда Амантаевқа қатысты бұрынғы сот шешімдерін: 2024 жылғы 5 сәуірдегі және 11 маусымдағы үкім мен қаулының күшін жойды.
«Апелляциялық сот Амантаевтың әрекетін осы баптың 6-бөлігінің 4) тармағына сай деп таныды, яғни ол жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолданған. Бұл бап бойынша жаза 10 жылдан 15 жылға дейін. Сот оның жағдайын ескеріп, ең төменгі — 10 жыл жаза тағайындады. Рақымшылық Заңы қолданылып, түпкілікті жаза 8 жыл 4 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Үкім заңды күшіне енді», -деп жауап берді Абай облыстық соты.
Қазір Амантаев отбасы адвокаттардың көмегімен кассациялық сотқа шағым дайындап жатыр.

 
