Францияның бұрынғы президенті Николя Саркози бес жылға бас бостандығынан айырылды. Ол дүйсенбі күні Париждегі «Санте» түрмесіне өз еркімен келіп, жазасын өтеуді бастады, деп хабарлайды Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Франция тарихында түрме жазасына кесілген алғашқы экс-президент Саркози әзірге жеке камерада отырады. Ол жерде душ пен телефон бар.
«Мен түрмеден қорықпаймын. «Санте» түрмесінің алдында басымды тік ұстап тұрамын», — деді Саркози Tribune Dimanche басылымына берген сұхбатында.
Сот үкімі 25 қыркүйекте шыққан болатын. Бірақ ол кезде залда қамауға алынбай, Саркозиге өз шаруаларын аяқтап, түрмеге келуге рұқсат берілген.
2007–2012 жылдары Франция президенті болған Николя Саркозиге Ливияның бұрынғы басшысы Муаммар Каддафиден өзінің сайлау науқанын қаржыландыру үшін миллиондаған еуро алған деген айып тағылды. Ал сайлауды заңсыз қаржыландыру, Ливия қаражатын пайдалану және пара алу істері бойынша ақталып шықты. Ол өзіне тағылған айыптардың саяси астары бар деп санап, үкімге қарсы апелляция түсірген.
Экс-президентті қауіпсіздік мақсатында жеке камерада ұстайды. Түрме басшысы Себастьян Ковэлдің айтуынша, Саркози басқа тұтқындармен кездеспейді және күніне екі рет серуенге шығуға құқылы.
«Санте» түрмесіне жуырда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, барлық камераларға душ пен стационарлық телефон орнатылған. Телефон арқылы 20 минут сөйлесу шамамен 110 еуро тұрады, ал теледидар көру ақысы айына 14 еуро. Саркози түрмеде тамақ дайындап, киімін жууға тапсыра алады.
Экс-президент абақтыға үш кітап алып келген, олардың бірі — Александр Дюманың «Граф Монте-Кристо» романы. Сондай-ақ адвокатының айтуынша, Саркози жылы жемпірлерін және бірнеше құлаққап алған.
Elabe агенттігі жүргізген сауалнамаға сәйкес, француздардың 58 пайызы сот үкімін әділ деп санайды, ал 61 пайызы Саркозидің апелляция нәтижесін күтіп түрмеде отырғаны дұрыс деп есептейді.