STEPPENEWS.KZ: Бүгін қазақ өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қадірбек Демесін өзінің туған күні. Театр мен кинода өзіндік өрнегін салған майталман актер биыл 74 жасқа толды.
Алматы облысы, Бөрлітөбе ауданы, Үлгі ауылында дүниеге келген өнер иесі 1973 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияны бітіргеннен бері Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында үзіліссіз еңбек етіп келеді. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы ол осы қара шаңырақтың сахнасында классикалық және заманауи туындыларда сан алуан образдарды сомдап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Қадірбек Төлеуұлы халық жадында «Тамаша» ойын-сауық отауындағы қайталанбас бейнелері арқылы да ерекше қымбат. Сонымен қатар актер отандық кино саласында да өнімді еңбек етіп, ұлттық мәдениеттің өркендеуіне зор үлес қосты. Бүгінде аға буын өкілі ретінде сахнадағы қызметін абыроймен жалғастырып, өнер жолындағы ізбасарларына үлгі болып келеді.

