STEPPENEWS.KZ: Қарағандылық шенеуніктер арасындағы атышулы жанжал тәртіптік жазасыз аяқталды. Қызметтік тексеру қорытындысы шығар сәтте қос басшы да креслоларын босатып үлгерген.
Спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімхановтың арасындағы кикілжің әдеп нормаларын бұзу деп танылып, материалдар Әдеп жөніндегі кеңеске жолданған болатын. Алайда, шешуші жиынға небәрі бір күн қалғанда шенеуніктер өз еркімен жұмыстан кетуге арыз берді. Іс жемқорлық емес, этикалық құқық бұзушылық санатына жатқандықтан, заң бойынша олардың өз еркімен кетуіне тосқауыл қойылмады.
Осы әрекеттің нәтижесінде оларға қатысты қозғалған тәртіптік өндіріс тоқтатылып, шенеуніктер ресми жазадан құтылып кетті. Құзырлы мекеме алдағы уақытта мұндай жағдайлар қайталанбауы үшін облыс әкімдігіне тиісті ұсыныстар жіберетінін мәлімдеді.
Айта кетейік, бұдан бұрын Серік Сәпиев пен Дәурен Есімхановтың арасында қызметтік этикаға жатпайтын қатты қақтығыс орын алған еді.

