Қазіргі таңда жасанды интеллект адам өмірінің барлық саласына еніп, күнделікті шешім қабылдау, қарым-қатынас және эмоциялық тәжірибесіне тікелей ықпал етіп отыр. Әлемдік деңгейдегі зерттеулер бұл құбылыстың адам психологиясына оң әсерін айқындап берді. Қазақстан да соңғы жылдары жасанды интеллектіні белсенді енгізе бастап, әлеуетін барынша қолдануға бет бұрды.
Оған дәлел ретінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтқан бастамаларын мысалға келтіре аламыз. Жасанды интеллект саласын тиімді пайдалану үшін елде жаңа министрлік, университет те ашылмақ. Қазақстан үш жыл ішінде нағыз цифрлық ел болуы мақсатында еңбектеніп жатыр.
«Ең бастысы, жасанды интеллект саласындағы тұңғыш зерттеу университетін құру туралы өте маңызды шешім қабылданды. Сондай-ақ Alem.ai жасанды интеллект орталығы өз жұмысын бастады. Бұл орталықты инновациялар мен тың идеялардың мекені деуге болады», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы кез келген ынтымақтастыққа ашық екенін атап өтті.
«Сондай-ақ біз елімізде екінші суперкомпьютер кластерін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жасанды интеллект тек игі мақсатқа қызмет етуі керек. Адам игілігі басты орында тұрады. Alem.ai жасанды интеллектіні барынша тиімді әрі этикалық нормаларға сай қолданатын жаһандық орталық болуға тиіс. Жасанды интеллект технологиясын жауапкершілікпен қолдану өте маңызды. Сондықтан жаңа университет және Alem.ai орталығы біртұтас экожүйенің негізгі өзегі ретінде қызмет етуі керек», – деп атап өткен Тоқаев.
Жасанды интеллектіні тиімді пайдалану бағытында жетістіктер де аз емес. Қазақстан тарихында алғаш рет «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының өңірлер бойынша директорлар кеңесінің цифрлық тәуелсіз мүшесі ретінде SKAI нейрожелісі қосылған еді.
Ал жасанды интеллектіні білім беру процесінде белсенді пайдалану үшін шетелдік тәжірибені ескере отырып университет құрылады.
«Халықаралық тәжірибеде мұндай сәтті мысалдар жеткілікті. Мәселен, АҚШ-та DreamBox және Knewton сияқты білім беру платформалары математика курсын әр оқушыға бейімдеп оқытады. Оңтүстік Кореяда жасанды интеллектіні тіл үйрену үшін қолданады. Қазақстанда да мұндай тәсілге жүгінудің айрықша маңызы бар. Әсіресе, көпэтносты ел ретінде біз тілдік, мәдени немесе жалпы білім деңгейі әртүрлі балалардың бәріне тең жағдай жасауды ойлауымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Шетелдік зерттеулерге келетін болсақ, көп еңбектер жасанды интеллектінің адамның психологиялық жағдайын жақсартуға көмектесетінін дәлелдейді. Мысалы, PubMed базасында жарияланған мета-талдауларға сәйкес, психологиялық көмек көрсететін жасанды интеллект агенттері депрессия мен күйзеліс деңгейін азайтады, адамға қолдау мен түсіністік сезімін береді.
AI негізіндегі чат-боттар мен виртуалды терапевтер көптеген елдерде кеңінен қолданылып, эмоционалдық тұрақтылық пен өзін-өзі бақылау қабілетін күшейтетіні анықталған. Олар әсіресе психологтар аз немесе қолжетімсіз аймақтарда маңызды рөл атқарады.
Сонымен қатар жұмыс орнындағы жасанды интеллект те адамның ішкі мотивациясына оң ықпал етуі мүмкін. Қытай мен Сингапурдағы зерттеулерге сәйкес, ЖИ-ді кәсіби салада пайдалану адамның өзін қабілетті, пайдалы және дербес сезінуін арттырады. Бұл – өзін-өзі бағалау мен кәсіби қанағаттануды күшейтетін негізгі психологиялық факторлар.
Жасанды интеллект адамның когнитивтік және эмоциялық қабілеттеріне де әсер етеді. Бір жағынан, ол ақпаратқа жылдам қол жеткізуге, шешім қабылдауды жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Осы орайда шетелдік ғалымдар жасанды интеллектіні адамның орнына емес, оның мүмкіндігін кеңейтетін құрал ретінде қарау қажет екенін айтады. Егер адам өз өмірінің орталығына руханият, адами қатынас пен сыни ойлауды қойса, онда ЖИ психологиялық қолдау мен дамудың қуатты серігіне айналады.
Шетелдік зерттеулерді мысалға ала отырып, Google корпорациясының Қазақстандағы агенті, IT Product & Project менеджер Нұржол Табиғаттан жасанды интеллекттің қазақ қоғамына, құндылықтарына қалай әсер етуі мүмкін деген тақырыпта пікірін сұрадық.
Оның айтуынша, рухани құндылықты жоғалту жасанды интеллект сияқты жаңа құбылыстардың әсерінен емес.
«Себебі ол жай ғана құрал. Ал құралды, өзіміз білетіндей, жақсы жаққа да, жаман жаққа да пайдалануға болады. Сондықтан бәрі оны қалай қолданатынымызға байланысты деп ойлаймын. Егер біз рухани құндылықтарға, мәдениет пен адамгершілікке пайдасы тиетін өнімдер жасап, соған көмектесетін дүниелер ұсынсақ, әрине, бұл технология бізге көмектеседі. Ал егер оны мақсатсыз, тек материалдық тұрғыда қолдансақ, онда оның зияны да болуы мүмкін», – дейді маман.
Нұржол Табиғаттың айтуынша, қазақтың ұлттық болмысы мен жаңа технологияларды ұштастыруға әбден болады.
«Мысалы, қазақ халқында көп жақсы қанатты сөздер бар ғой, мысалы, біз «білікті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дейміз. Осы сөздің өзінде білім мен ақылдың маңыздылығы айтылған. Демек, білімге, ғылымға, интеллектке бағытталған жақсы өнімдер жасауға әбден болады. Сол сияқты тағы бір мысал: «Жігітке жеті өнер де аз» дейді қазақ. Бұл да адамның жан-жақты дамуына шақыратын нақыл. Егер біз жасанды интеллектке қатысты жаңа, тың дүниелер ойлап тауып, сапалы өнімдер жасай алсақ, ол да осы қанатты сөзге сай келер еді. Яғни қазіргі заманда жаңа дағдыларды үйрену, инновацияға еліктеу – бұл да ұлттық болмысқа қайшы емес, керісінше, оны толықтыра түсетін құбылыс деп ойлаймын», – дейді Нұржол Табиғат.
Оның айтуынша, цифрлық қоғамда өсіп келе жатқан жаңа буын дәстүрді ұмытпай, рухани құндылықтарға сүйене білуі керек.
«Жоғарыда айтқанымдай, ұлттық болмыс пен мәдениетті сақтайтын мекемелер мен ұйымдар жасанды интеллект сияқты жаңа технологияларды тиімді пайдаланып, жастарға қызықты әрі пайдалы өнімдер ұсынса, бұл дәстүрді сақтауға үлкен үлес қосар еді. Мысалы, балаларға арналған ұлттық ертегілер мен аңыздар негізінде жасалған цифрлық ойындар, интерактивті кітаптар немесе виртуалды көрмелер – осындай бағыттағы тамаша жобалар болмақ», – дейді маман.
Google агенті жасанды интеллекттің біздің ұлттық этиканы, тіл мен мәдениет ерекшеліктерін ескеріп жұмыс істеуі үшін алдымен ұлттық тілге, дәстүрге және тарихқа байланысты деректерді жүйелеп, сол негізде алгоритмдер мен модельдер құру қажет дейді.
«Яғни жасанды интеллектке қазақ тілінің бай сөздік қоры, мәдени контекст, тарихи деректер мен рухани ұғымдар енгізілсе, ол өз кезегінде осы құндылықтарды ескеріп жұмыс істейді. Осы ретте тіл, мәдениет және дәстүрмен айналысатын мекемелер өздері өнім әзірлеу барысында ұлттық ерекшеліктерді ескеретін арнайы әдістемелер енгізсе, жасанды интеллект те сол бағытта дамиды. Бағана айтқанымдай, бұл жай ғана құрал. Біз оны қалай пайдаланамыз, ол соған сәйкес нәтиже көрсетеді», – дейді Нұржол Табиғат.
Сондай-ақ маман цифрлық әлемде жастардың рухани міндеті туралы да айта кетті.
«Ең бастысы – жалған мен шындықты ажырата білу. Бұл қазір тек ұлттық немесе рухани мәселе емес, бүкіл адамзат үшін өзекті тақырып. Қазіргі ақпарат ағынында адаспау үшін сыни ойлау қабілеті қажет. Кез келген ақпаратты тексеру, салыстыру, ресми дереккөздерден растау, эмоцияға берілмеу сияқты дағдыларды игеру – әрбір жас үшін маңызды міндет. Сондықтан болашақта қазақстандық азамат жан-жақты дамыған тұлға болуы керек деп ойлаймын. Ол рухани жағынан да, технологияны меңгеру тұрғысынан да, білім мен денсаулық, этика мен мәдениет тұрғысынан да тең болуы қажет. Барлық уақытта жетістікке жеткен адамдар көбіне осы тепе-теңдікті сақтай білген жандар. Сондықтан қандай заманда өмір сүрсек те, ең бастысы – руханият пен технология арасындағы балансты сақтау», – дейді Нұржол Табиғат.
Маман рухани тұрғыда жасанды интеллектіні пайдаланатын адамдарға қатысты да пікірін білдірді. Оның айтуынша, ChatGPT бәрібір де тірі жан емес, ол психологты алмастыра алмайды.
«ChatGPT қанша дегенмен робот. Ол адамның жанын түсіне алмайды. Әрине, сұрақтарға жауапты тек базалық ақпарат бойынша беруі мүмкін. Алайда ол психологті алмастыра алады дегенмен келіспеймін. ChatGPT психолог сияқты кәсіби түрде адамның жанын емдей алмайды. Дегенмен базалық деңгейде түсінік қалыптастыратын жақсы құрал. Бірақ ауқымды әрі күрделі дүниелерге келгенде кәсіби маманға жүгінген дұрыс», – дейді Нұржол Табиғат.