Енді елімізде археологияға бөлек лицензия, реставрацияға бөлек лицензия беріледі. Тиісті норма Мәжілісте бірінші оқылымда қаралып жатқан тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау мәселелері туралы заң жобасында көзделген.
Заң жобасын депутаттар мен ғалымдар бірлесіп әзірлеген. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов осы саладағы негізгі проблемаларға тоқталды.
Бірінші мәселе – лицензиялау жүйесінің тиімсіздігі.
«Бүгінде археология саласында лицензиялар мерзімсіз және ескерткіштің барлық түрімен жұмыс істеуге бірдей беріледі. Мысалы, ұйым бір рет лицензия алса, одан кейін оның мамандары бар ма, біліктілігі жеткілікті ме – ешкім оны тексермейді. Сол лицензиямен ол өмір бойы, еш шектеусіз, еш міндеттемесіз мәдени мұрамызбен жұмыс істей береді. Тағы бір проблема – археологиялық және реставрациялық жұмыстарға бір ғана лицензияның берілуі. Формалды түрде оның жеке санаты болғанымен, іс жүзінде ол осы екі саланың айырмашылығын толығымен ескермейді. Соның кесірінен реставраторлар қазба жұмыстарымен, ал археологтар реставрациямен айналысып жүрген фактілер бар. Салдарынан сапасыз қазбалар, бүлінген ескерткіштер», — дейді ол Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, енді бұл жүйе өзгереді. Депутаттар әділ лицензиялау жүйесін енгізбек.
«Енді екі бөлек лицензия болады – археологияға бөлек лицензия, реставрацияға бөлек. Лицензияның нақты мерзімі болады – 5 жыл. Әр лицензия үшін арнайы біліктілік талаптары енгізіледі. Егер заң талаптарын бұзса, олардың лицензиясын 6 айға дейін тоқтату немесе тіпті қайтарып алу туралы нормасын да енгіздік», — деді мәжілісмен.
Аймағамбетовтің пікірінше, бұл саланы тазалап, нағыз мамандарға жол ашатын шешім.
